Жыл сайын қазақстандық 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Бұл жайында депутаттар сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Университеттерді зерттеу бағытындағы жоғары оқу орны етіп қайта құру алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтары, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулері, материалдық-техникалық базасы, халықаралық деректер базаларындағы жариялау белсенділігі болған жағдайда жүзеге асырылады. Жалпы зерттеу университеті мәртебесі 6 жоғары оқу орнына берілді («Назарбаев Университеті» ДБҰ, «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ, «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ ( ҚазҰМУ), «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ және «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ). Білім және ғылым министрлігі басқа ЖОО зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін пысықтауда», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, зерттеу бағытындағы ЖОО қызметінің нәтижесінде кластерлер жұмыс істейді. Осылайша, ірі шетелдік компаниялармен өзара іс-қимылда «Назарбаев Университеті» базасында 3 инновациялық кластерде коммерцияландыру офистері, бизнес-инкубатор және технопарк орналасқан.
«Самұрық-Қазына» Қоры 4 млн АҚШ доллары көлемінде «Назарбаев Университетіне» қолдау көрсетеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерін, сондай-ақ Виртуалды қабылдау станциясы бар Жерді қашықтан зондтау орталығын құрды.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында «Қазмырыш» ЖШС-мен, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-мен бірлесіп металлургия саласында ғылыми-зерттеу-өндірістік кластері құрылған.
ҚазҰТЗУ базасында аддитивті өндіріс пен инжинирингті дамыту үшін Индустриялық дизайн орталығы құрылды.
«Бұдан басқа, ЖОО-лардың өндіріспен байланысы консорциумдар құру арқылы жүзеге асырылады. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті «КАМАЗ» ЖАҚ-пен ынтымақтастық аясында машина жасау саласындағы инженер кадрларды мақсатты даярлау үшін Инжинирингтік орталық құру жұмысын бастады. Зерттеу ЖОО-ларын қолдау мақсатында ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру, халықаралық деңгейдегі ғалымдарды тарта отырып, зерттеулерді қаржыландыру жүзеге асырылады. 2019 жылдан бері Халықаралық ғылыми-техникалық орталық қазақстандық ғалымдардың қатысуымен 16 жобаны іске асырып жатыр (12 қазақстандық және 4 бірлескен жоба). Жыл сайын қазақстандық 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамалармен қамтамасыз етілетін болады», - деді Премьер-Министр.