23 мау, 2023 сағат 15:22

Жүздеген босқын Грекияға жете алмай, Жерорта теңізіне батты

Жерорта теңізіндегі босқындар. Көрнекі сурет

Пәкістан федералдық тергеу агенттігі бейсенбіде Reuters ақпарат агенттігіне Грекия жағалауларында 209 пәкістандық қаза болғанын хабарлады. Жүздеген босқын мінген шағын кеме ашық теңізде аударылып, суға батып кеткен.

Марқұмдардың туыстарының айтуынша, мигранттар мінген кеме Ливиядан Грекияға қарай жүзген.

Бұның алдында ресми түрде 82 адам өлді деп танылған, 104 адам тірі қалғаны жарияланған. Тергеушілер қаза болған босқындардың кімдер екенін анықтап жатыр. Теңізге батқандар бұдан да көп болуы мүмкін.

Кейінгі бірнеше жылда Жерорта теңізінде осынша көп адам өлген апат болмаған.

Бұған дейін кемеде 181 пәкістандық, 28 кашмирлік болғаны айтылған. Дәрігерлер екі жүзге жуық отбасының генетикалық мәліметін жинаған.

Ал куәгерлердің айтуынша, ұзындығы 20-30 метрлік кемеде 400-ге жуық адам болған.