28 ақп, 2020 сағат 16:14

Жүйелік қателіктерге байланысты азаматтар медициналық көмектен тыс қалмауы керек - Тоғжанов

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді іске асыруымыз қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді іске асыруымыз қажет. Қазіргі таңда еліміздің халқының 92,3 пайызы шартты түрде сақтандырылды. Техникалық дайындық 100 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. 97 пайызы электронды денсаулық төлқұжатына енгізілді. Мұның өзі аз жұмыс емес. Бірақ, біраз азамат сырт қалып отыр, 1,5 миллионға жуық адам бар. Оның бәрін нақтылап анықтау қажет. Оған уақыт бар. Наурыз айының ішінде осы жұмысты атқаруға мүмкіндік жеткілікті»,- деді Ерлаы Тоғжанов.

Осы ретте Үкімет басшысының орынбасары Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 сәуіріне дейін аталған жұмысты аяқтауды тапсырды.

«Жүйелік қателіктерге байланысты азаматтар медициналық көмектен тыс қалмауы керек екендігін естеріңізге саламын», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.