Журналистиканы 4 жыл оқудың қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін Медиа білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен журналистиканы 4 жыл оқудың қажеті жоқ дейтіндермен келісетін шығармын. Меніңше, ең бірінші кезекте өзің жазатын саланың маманы болуға тиіссің. Егер сен медицина туралы жазатын болсаң, онда дәрігер болғаның, экономиканы жазсаң экономист, банкир одан кейін журналист болғаның жақсы. Журналистке экономика туралы жазуды, ақпаратты қалай дұрыс беру керектігін үйрету экономистке қарағанда әлдеқайда қиын», - деді министр.
Оның айтуынша, сондықтан да қазіргі уақытта қаралып жатқан жаңа заң жобасына екі мәселе қарастырылған.
«Біріншісі, ендігі уақытта 4 жыл оқу міндетті емес. 2,5 жыл немесе 8 жыл, қалағаныңша оқуға болады. Мәселе сенің кредиттің белгілі бір санын жинағаныңа байланысты. Екіншіден, егер сен экономист болсаң екінші мамандығың журналистика болатын жүйе енгізіледі, Яғни, біз бәрін ескердік, ендігі іс жоғары оқу орындарына қалып отыр. Олар пәнаралық бағдарлама құруы тиіс. Міне сол кезде саланы түсінетін, сараптам жасай алатын, жалпы саланың маманы болатын журналистер пайда бола бастайды»,- деді Ерлан Сағадиев.