01 қар, 2023 сағат 14:42

Журналистерге шабуыл ұйымдастырған Клебанов түрмеге емес, емделуге жіберілді

Фото: Алматы ПД

Журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді деген күдікпен Аркадий Клебанов (Маневич) түрмеге емес, психиатриялық клиникаға емделуге жіберілді, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Сот журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылықты бұзды, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартты, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген айып тағылған Клебановқа қатысты медициналық сипаттағы еріксіз емдеу шараларын қолдану туралы істі қарады.

Сотта атап өткендей, жәбірленушілер полиция органдарына журналистердің қызметіне байланысты қауіп-қатер төндіру, бұзақылық әрекеттер жасау, мүлікті зақымдау және жою фактілері бойынша белгісіз тұлғаларға қатысты өтінішпен жүгінген.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында 6 тұлғаның осыған қатысты екені анықталды.Тергеу барысында күдіктілердің біріне екі сот-психиатриялық сараптамасы жүргізілді. Қорытындыларға сәйкес Клебанов созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққаны анықталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша оған қатысты материалдар мәселені қарастыру және медициналық сипаттағы еріксіз емдеу шараларын қолдану үшін сотқа жіберілді.

«Сот сараптамалардың қорытындылары негізінде Клебанов қоғамдық қауіпті әрекеттерді жасаған кезде қабілетсіз күйде болған деген қорытындыға келді: ол өзінің іс-әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсінбеген және созылмалы психикалық аурудың салдарынан өзін-өзі басқара алмаған. Сотталушы қабілетсіз деп танылып, психиатриялық стационарға еріксіз емдеуге жіберілді»,- деп хабарлады соттан.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Материалдық залал және моралдық зиянды өтеу есебіне сотталушының заңды өкілінен 14 млн теңге өндіріп алынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық осы жылдың наурыз айында журналистерге жасалған шабуылдардың тапсырыс берушісі ұсталған болатын. 

Кейін жәбірленушілердің өтініші бойынша Клебановқа қатысты сот отырысы жабық режимде өтетіні белгілі болды.