04 нау, 2023 сағат 16:43

Журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген күдікті ұсталды

сурет ашық дереккөзден алынды

ІІМ мен ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы редакциялар мен БАҚ өкілдеріне жасалған шабуылдар дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Журналистерге жасалған шабуылдарды ұйымдастырушы және бастамашы Қазақстан азаматы Клебанов (Маневич) Аркадий Сергеевич екені анықталды. Ол ұсталып, соттың рұқсатымен қамауға алынған.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 115-ші "Қауіп-қатер", 147-ші "Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу", 158-ші "Журналистік қызметке кедергі жасау", 202-ші "Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру" және 293-ші "Бұзақылық" баптарымен қарастырылған айыптар тағылды.

"Ұсталған адам істеген әрекетін мойындады. Жауап алу барысында барлық шабуылдарды өз бетінше ұйымдастырғанын, өйткені жеке себептер мен қазақстандық бірқатар танымал БАҚ өкілдеріне бұрынғы талаптарының болғанын мәлімдеді.

Клебанов-Маневич құқыққа қайшы жоспарларын іске асыру үшін хакерлер тобы мен акцияларды орындаушыларды жалдаған. Арандату мақсаттары мен нұсқаларын өз бетінше таңдаған. Орындаушыларға берілетін қаражатты криптовалюта операциясынан түскен пайда есебінен төлеп отырған.

Тергеу жалғасып жатыр, оның нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады" - делінген хабарламада.