«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының бастамасымен журналист Жәния Ұранқаеваның Қазақстан Республикасы Үкіметі үйіне кіруіне қатысты мәселе оң шешімін тапты.
Қордың Үкімет аппаратына жолдаған өтініші негізінде, Үкіметтің баспасөз қызметі журналисттің ғимаратқа кіру шектеуін 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайта қарауға келісті. Осылайша, Жәния Ұранқаева барлық талаптарды сақтай отырып, кәсіби міндеттерін толық көлемде орындауға қайта оралады.
Бұл келісім 2024 жылдың тамыз айында күшіне енген «Масс-медиа туралы» Заңның талаптары аясында жүзеге асқан. Заң бойынша журналистер маңызды мемлекеттік нысандарға бару кезінде белгіленген өткізу тәртібін сақтауға міндетті.
«Әділ сөз» қоры Үкімет аппаратына және баспасөз қызметіне ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстанғаны үшін алғыс білдірді. Бұл келісім мемлекеттік органдар мен журналистер арасындағы тиімді диалогтың үлгісі ретінде бағаланды.