Сурет ашық дереккөзден алынды
“Алматы” арнасы қызметкерлерінің басынан өткен оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
“Құрметті достар! Бүгін алаңдатарлық бір жағдай болды. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 4 жастағы Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты Алматы гарнизонының әскери соты маңында біздің әріптестерімізге азаматтық белсенді Белялов Байбах күш көрсеткен.
Еш себепсіз түсірілім тобына тап берген азамат журналист пен телеоператорға дене жарақатын салып, бейнекамера штативін сындырған. Онымен қоймай, әріптестерімізді мұнымен тоқтап қалмайтынын айтып қорқытқан, балағат сөз айтқан.
Біз Айкөркем Мелдеханның қазасына қайғырамыз, бірақ бұл оқиғаға да бейжай қарай алмаймыз. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне күш көрсетуді тәртіпсіздік һәм заңға қайшы әрекет деп санайтынымызды жеткізгіміз келеді. Осы тұста кінәлі азаматқа заң шеңберінде шара қолданылуын талап етеміз”, - делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ телеарна ұжымы елдің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрайды.