20 жел, 2022 сағат 19:44

Журналист Козачков екі айға қамауға алынды

Фото: Facebook/mikhail.kozachkov

Алматының тергеу соты журналист Михаил Козачковты екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

"Бүгін Алматы қаласының тергеу соты тергеу органдарының М.Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатын қарады. Тергеу сотының шешімімен М. Козачковты екі ай мерзімге, яғни 2023 жылдың 18 ақпанына дейін қамауға алу туралы шешім қабылданды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексеруге қатысты өзге де мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан жария етілмейді", - делінген Алматы сотының хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 18 желтоқсанда Қаржылық мониторинг агенттігі журналист Михаил Козачковты ұстады. Ол Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деп күдікке ілінді.

Бұл іске қатысты Тоқаевтың баспасөз хатшысы да пікір білдірген еді. Руслан Желдібай бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өтті.