17 қыркүйек, жұма күні Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі "DАТ" газеттер жобасының шығарушы редакторы, журналист Бақытгүл Мәкімбай 59 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл ақпаратты газеттің бас редакторы Ермұрат Бапи хабарлады, деп жазады Азаттық.
- Қазаның себебі – коронавирус. Бір айға жуық ауруханада жатты. Соңғы 10 күн жансақтау бөлімінде болды. Оның қант диабеті бар еді. Дәрігерлер сөзінше, осы дерт ауруды ушықтырып жіберген, – деді Бапи.
Журналистің қазасына байланысты әлеуметтік желіде көңіл айтқан саясаткер Зәуреш Батталова: "Жан жолдасым, Бақытгүлім! Жазыласың деп үміттеніп едім. Оралмас сапарға аттанып кеттің ғой... Иманды бол, қазақтың батыр қызы!" деп жазды.
Ермұрат Бапи "DАТ" газеттер жобасын Бақытгүл Мәкімбаймен 23 жылдан бері бірге шығарып келгенін айтты. Ол: "Қиын сәттерде, басымызға қиын іс түскен кезде көп әріптесіміз шыдамай, жұмыстан кетіп қалды. Бірақ Бақытгүл олай істемеді. Осы күнге дейін табан аудармай жанымда бірге қызмет етті" деді.
Бақытгүл Мәкімбай 1962 жылы 15 қазанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Ол - Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, осы одақтың "Алтын медалінің" иегері. Қазақстан патриоттарының "Алмас қылыш" сыйлығының лауреаты. Оған Сорос қорының журналистика саласындағы "Батылдығы мен табандылығы үшін" сыйлығы да берілген.
Ұлт порталының ұжымы белгілі журналистің мезгілсіз дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!
