16 нау, 2020 сағат 16:11

Жұмысын тоқтатуға мәжбүр мекемелер жалақыны қалай төлейді?

Төтенше жағдайға байланысты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелер ең төменгі жалақыдан кем болмайтын еңбекақы төлеуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты. 

«Төтенше жағдайға байланысты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелерге Еңбек Кодексінің 112-бабы тарайтын болады. Бұл – мәжбүрлі жұмыс тоқтату деп аталады. Бұл жерде жұмыс беруші тарапынан жұмысшыларға кемінде елімізде бекітілген ең төменгі жалақыдан кем емес көлемде еңбекақы төленуі тиіс», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Оның айтуынша, біздің еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 42500 теңге. 

«Бірақ, егер де, Еңбек шартында немесе Ұжымдық шартта осындай мәжбүрлі тоқтату жағдайына төменгі жалақыдан жоғары жалақы қарастырылған болса, онда жоғары жалақы төленеді. Бұл шекті сома ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс», - деді Б. Нұрымбетов. 

Бұған дейін министр қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті екенін мәлімдеген еді. 

Сондай-ақ, жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты ҚР барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.

Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады. Жолдаудың толық мәтіні арнайы жарияланды.