31 нау, 2023 сағат 20:48

Жұмыстан қысқартуға қарсылық: бестөбеліктер Мәдениет үйінде түнеді

© Sputnik / Стрингер

Кеншілер мен Бестөбе ауылының тұрғындары Көкшетаудағы Мәдениет үйінің ғимаратында түнеді.

Наразылық білдірушілер қазір де Мәдениет үйінде отыр. Олар Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі елді мекенге аттанғаны туралы хабарлама алды. Кеншілер қысқарту туралы хабарламаны қайтарып алып, бұрынғы инвестордың кен орнынан кетуін талап етіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Бестөбеліктермен бірге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов пен полицейлер де "Рауан" мәдениет үйінің ғимаратында түнеді.

Наразылық білдірушілер нені талап етіп отыр?

Олар инвестордың кетуін талап етіп жатыр және жаңадан келген инвестор қазіргі уақытта су басқан кеніштерді, "ескі" байыту фабрикасын іске қосып, кен өндіруді жерасты әдісімен жалғастырады деп үміттенеді. Сондай-ақ адамдар жұмыс берушіден жұмыстан қысқарту туралы лицензияларын қайтарып алуды талап етті. Бестөбеліктер жаңа инвесторға қатысты мәселе шешілмейінше жұмыстан босату туралы шешіммен келіспейді.

© Sputnik / Стрингер

Бұған дейін кездесу барысында халық билікке, алтын өндіруші компания өкілдеріне, сондай-ақ әлеуетті инвесторға өздерін мазалаған сұрақтарды қойды. "Сей-Нар" компаниялар тобы Бестөбе жобасын қабылдауға қызығушылық танытты. Оның құрамына кіретін "Алтын қазына" ЖШС басшысы Ерлан Қабылденов шешім қабылдау үшін негізінен кеніште қандай қор бар екенін және жабдық қандай көлемде және қандай сапада берілетінін анықтау керек екенін айтты. Ал мұны анықтау үшін аудит жүргізу қажет.

Жұмысшылар тексеру кезінде жұмыс орындарын сақтап қалуға бола ма деген сұрақ қойды. Алайда холдинг өкілі бұл мүмкін емес екенін айтты. Ол жобаның келешегі, лицензия алу мерзімі, қолданыстағы мүлік туралы ақпаратты білмей және кәсіпорынның бұрынғы иесімен қандай да бір келісімдер жасамай 1200 адамды жұмысқа қабылдау үлкен жауапкершілік екенін түсіндірді.

"Уақытты есепке алу керек. Егер министрлік, үкімет бізге нысанды аударуды жедел орындауға көмектессе, содан кейін бізге қандай жабдық беретінін анықтауымыз керек. Қазір қажетті жабдықты Украинадан, Ресейден сатып алу күрделі. Жабдық жарты жыл тұралап, мәселелерді шешу бір жылға созылуы мүмкін. Онда неге біз бұл жобаға кірісуіміз керек?" – деді Қабылденов.

© Sputnik / Стрингер

Ол егер индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі акционерлік қоғамға аудит жүргізу үшін құжаттарды тезірек беруге көмектессе, кәсіпорын үш ай ішінде кеніштегі жағдайды зерделеуге дайын екенін және мәселе оң шешілсе, шахталардан су айдауды бастауға кірісетінін айтты.

"Қазақалтын" ЖШС бас директоры Рүстем Қаракесов компания қысқарту туралы хабарламаны кері қайтармайтынын айтты. Бірақ ол Бестөбе алаңын жаңа инвесторға қайта рәсімдеуді жеделдетуге көмектесуге уәде берді.

Әкімдік те қарап отырмауға уәде етті

"Мен Ермек Боранбайұлына (Маржықпаев, облыс басшысы – Sputnik) жағдай туралы баяндаймын. Біз "Алтыналмас" басшылығына хабарласып, аудит кезінде кеншілерді жұмыстан босатпауын сұраймыз", - деді Елдос Рамазанов.

Билік дүйсенбіге дейін күтуді сұрағанымен, адамдар ғимараттан шығудан үзілді-кесілді бас тартты.

"Екі жыл күттік, осы мәселелерді шешеміз деп уәде берді. Нәтижесінде 1200 адам жұмыстан шығарылды" – деді бестөбеліктер.

© Sputnik / Стрингер

Олар премьер-министрдің бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Роман Склярдан ауылға келуді сұраған үндеуін оқып берді.

"Мемлекет басшысы сізге жеке тапсырма берді. Сіз келгенге дейін кеншілер мен ауыл тұрғындары қазіргі жағдайдың реттелуін талап етіп Мәдениет үйінің ғимаратында болады", - деді үндеу авторлары.