10 сәу, 2020 сағат 14:37

Жұмыспен қамтуға бөлінген қомақты қаржы құмға сіңгендей жоқ болмауы тиіс - Тоқаев

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына бөлінген қомақты қаржы құмға сіңгендей жоқ болмауы тиіс. Бұл туралы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықты жұмыспен қолдау үшін «Жұмыспен қамту жол картасы« бағдарламасы қабылданды. Оның аясында вирустан кейінгі кезеңде шамамен 240 мың жұмыс орны құрылады. Оны жүзеге асыруға теңдессіз сома (1 трлн теңгеге дейін) бөлінеді. Бұған дейін бірнеше рет орын алғандай, бөлінген қаржының құмға сіңіп кетпеуі барынша маңызды. Сондықтан Үкімет пен әкімдер қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуы маңызды», - деді Мемлекет басшысы. 

Осы ретте ҚР Президенті жоспарланған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша екендігіне баса назар аударды. 

«Бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен тек қана 13 мың адам қамтамасыз етілетін болады. Бірқатар өңірде бағдарлама қорытындысы бойынша тұрақты жұмыс орындарының саусақпен санарлықтай санын құру жоспарланған. Жұмыспен қамтудың екі түрі арасындағы балансты қамтамасыз ету қажет. Дағдарыс кезінде уақытша жұмысқа орналасу маңызды. Бірақ, барынша кең әрі сапалы жұмыс орындарының келешегі жайында да ойлау қажет», - деді Қ.Тоқаев.