25 қаң, 2021 сағат 07:47

Жұмыспен қамтудың жол картасы: 240 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым жобасы іске асырылып жатыр. Онда 130 мың теңге орташа жалақымен 239 мың адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сенсек, жол картасының инфрақұрылым жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша жүргізілуде: 

- әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкция және салу;

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;

- инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау, салу;

- елді мекендерді абаттандыру.

Отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кемінде 90%-ын қолдану - инфрақұрылым жобаларын іске асырудың ерекше шарты.

Қызметкерлердің кемінде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалданады және жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. 

Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерде 6,7 мың жоба бойынша жұмыс басталды, 239 мың жұмыс орны ашылды.

Оның ішінде 120 мыңнан астамы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылды.

Бағдарламаға қатысушылардың жартысы - ауыл тұрғындары, 39% - жастар және 7% - табысы аз азаматтар.

Қабылданған шаралар жұмыссыздықты - 5%, жастар жұмыссыздығын - 3,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Жол картасымен жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі Түркістан (25,3 мың), Шығыс Қазақстан (21 мың), Жамбыл (20 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (21,4 мың).

ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады деп күтілуде.