Фото: Kazakh Tourism
Шучье-Бурабай курорттық аймағының символына айналған «Жұмбақтас» жартасы ерекше десертке шабыт берді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Сапа белгісі» бағдарламасына қатысушы «La Crème» мейрамханасы табиғи көрікті жерлерге құрмет көрсетудің ерекше жолын таңдады – олар әйгілі шоколатье, кондитерлік өнер бойынша Еуропа чемпионы Ханс Овандомен бірлесіп «Жұмбақтас» атты гастрономиялық туындыны ұсынды.
Жаңа десерт арқылы отандық туризмнің мәдени және табиғи құндылықтарына назар аударту көзделіп отыр. Десерттің құрамына Бурабай өңірінің табиғи өнімдері, оның ішінде жергілікті омартадан алынған бал кірген. Жобаны La Crème мейрамханасының негізін қалаушы Дана Канапина бастама етіп көтеріп, 2024 жылы Ханс Овандомен бірге Бурабайға арнайы барып, «Жұмбақтас» тарихымен танысып, жергілікті тұрғындардан мәлімет жинаған.
«Біздің мақсатымыз – бір десерт арқылы Бурабайдың әсемдігі мен оның тарихи-мәдени маңызын жеткізу. Мұндай жерлерге деген сүйіспеншілік саналы туризм мәдениетін дамытуға ықпал етеді», – деді La Crème компаниясының тең құрылтайшысы Асқар Қанапин.
Фото: Kazakh Tourism
Kazakh Tourism компаниясы жүзеге асырып жатқан «Сапа белгісі» бағдарламасы да осы бағытта жұмыс істейді. Ұйым қазақстандық кәсіпкерлердің табиғи мұраларды дәріптеуге деген ынтасын жоғары бағалайтынын айтып отыр. Бүгінде бұл бағдарламаға 220-дан астам компания қатысуда. Бағдарлама 2021 жылдан бері қонақжайлылық деңгейін арттыруға, туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған және «Very Nice» пен «Nice» деңгейлері бойынша беріледі.
«Жұмбақтас» десерті – дәм мен мағынаны ұштастырған ерекше жоба. Ол отандық гастрономия мен туризмнің тоғысқан сәті ретінде еліміздің брендтерінің біріне айналуы мүмкін.