15 жел, 2025 сағат 10:42

ЖРВИ өршіген кезеңде жүкті әйелдерге медициналық көмек күшейтілді

Фото: ҚР ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ мен пневмония жағдайларының көбеюіне байланысты жүкті және босанған әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті күшейтті. Бұл шаралар болашақ аналарға сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрлік өңірлерге пульмонологтар, инфекционистер, реаниматологтар, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен республикалық клиникалардың акушер-гинекологтарынан құралған көпбейінді көшпелі медициналық командаларды жіберді. Олардың негізгі мақсаты – өңірлік медицина қызметкерлеріне әдістемелік қолдау көрсету, медициналық көмектің сапасын арттыру және республикалық әрі жергілікті деңгейдегі өзара іс-қимылды нығайту.

Сапар барысында мамандар 1000-нан астам медицина қызметкеріне кеңес беріп, оқыту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар клиникалық жағдайлар талданып, вирустық инфекциялар мен асқынулары бар пациенттерді емдеу тәсілдері нақтыланды. Пациенттерді маршруттау, ұйымдастырушылық процестер бағаланып, ауыр жағдайдағы науқастарға практикалық көмек көрсетілді.

Жүкті әйелдердің жағдайына ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 2000-нан астам жүкті әйелге, оның ішінде ауыр хәлдегі пациенттерге медициналық көмек көрсетіліп, бейінді мамандардың қатысуымен емдеу тактикасына түзетулер енгізілді.

Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, болашақ аналар мен жаңа туған сәбилердің денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.