Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов елдегі эпидемиологиялық жағдайды желеу етіп, жоспарлы медициналық көмек көрсетуден бас тартқан мекемелерге тиісті шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылмен салыстырғанда жоспарлы медициналық көмек көрсету жағдайы айтарлықтай қалыпқа түсіп қалды. Алғашқы буында медициналық қызмет көрсететін жеке меншіктегі де, мемлекеттік емханалар да халықпен толық көлемде жұмыс істеп жатыр. Иә, кейбір медициналық қызмет ұсынушылар кадр мәселесіне тап келіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, күштің көбі коронавирус инфекциясымен күреске жұмсалған болатын. Бірақ біз МӘМС қорымен бірге өңірлерде бұл мәсеені бақылауда ұстап отырмыз», - деген дәрігерге жазылу кезегі бойынша туындаған мәселелер жекелеген өңірлерге тән деген пікір айтты.
«Егер адам дәрігердің қабылдауына жазылар кезде мәселеге тап болса, Денсаулық сақтау министрлігінің байланыс орталығына 1406 нөмірі бойынша жүгіне алады. Бұл нөмірге түскен ақпарат үш деңгейлі өңдеуден өтіп, МӘМС қорына түседі. Тиісінше осы олқылыққа жол берген медициналық ұйымдарға санкциялар салынуы мүмкін. Біздің басты міндетіміз – емделушілердің құқығын қорғау. Емделушінің құқығын қорғау нормаларын қолдана отырып, МӘМС қоры арқылы ондай жайттарға жауап қатамыз. Жалпы айтсақ, елімізде жоспарлы медициналық көмек қалыпты режимде жүргізіліп жатыр. Иә, әлеуметтік қашықты, адамдардың ғимарат ішінде шектен тыс жиналуын болдырмау сияқты шектеулер бар. Бұл киникалар ішіндегі менеджментке байланысты. Тағы да айтам, қарапайым терапевтке немесе жалпы практика дәрігердің қабылдауына жазыла алмаған жағдай болса, 1406 телефоны арқылы хабарлаңыздар. Біз әрекет етеміз», - деді Марат Шоранов.
