Алматыда сот Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сот үкімімен Жомарт Ертаев 11 жыл бас бостандығынан айырылды, ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Ертаев кінәсін мойындағанын, қылмыстық істі тергеуге көмектескенін, залалды ішінара өтегенін, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары барын ескерген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Жомарт Ертаев өткен жылдың мамырында Мәскеуде ҚР ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросының өтініші бойынша ұсталған. ҚР ІІМ мәліметінше, Ертаев аса ірі көлемдегі алаяқтығы үшін халықаралық іздеуде болған.
Осы іс бойынша 37 адам сот алдына келді. Прокурор олардың 36-сын кінәлі деп тануды сұрады. Сотталушылардың бірі қайтыс болды.
Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісіне қатысты сот өткен жылдың аяғында басталған болатын. Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыс 2011-2017 жылдар аралығында жасалған. Қылмыстық іс 46 эпизод және 700 томнан тұрады. Айыптау актісінде 3600-дан аса парақша бар.