«Тұлпар-Тальго» пойызының жолсеріктерінен зорлық көрген ақтөбелік бойжеткен қазақстандықтарға және ел басшылығына үндеу жариялады. Үндеу мәтіні «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының Facebook-тегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрқайсыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Қаншама пікір оқыдым, БАҚ бетінен репортаждар көрдім. Халық пікірінің арқасында бұл қылмыстың жалпыхалықтық талқылауға түскенін білдім. Елімізде кез келген әйел мен баланың зорлық-зомбылыққа ұшырамағанын қалаймын, олар өздерінің мұндай жағдайда қорғаны барын және қорғаудың кәсіби тұрғыда болатынын білсе екен деймін», - делінген бойжеткеннің жазбасында.
Жәбірленуші осы уақытқа дейін уайымдағанын және әлі де қайғыға түсіп келе жатқанын атап өтті.
«Мен бірнеше жыл бойы өзімнің жеке қауіпсіз әлемімді құрдым, көп оқыдым, бірнеше елде болдым,түрлі мәдениетті көрдім және асқан сүйіспеншілікпен еліме оралып жүрдім. Мен өз елімде, үйімде қорғауда жүргеніме сендім. Бірақ, әрқайсымыз кез келген сәтте, кез келген жерде мұндай жағдайға тап болатынына көзім жетті. Сол түннен асқан қорқынышты нәрсенің болмайтынын білгендеймін, сол минуттарда әлем құрып кеткендей көрінді. Алайда, содан кейін мен тергеу және сот кезінде өту керек болатын қорқынышты сынақтарға тап болдым. Маған тап болған моральдық зорлық-зомбылық пен кемсітуді қайта зорлаумен салыстыруға болады. Маған күдіктілер тарапындағы «қолдау тобының», сот пен тергеудің қысымына қарсы тұру оңай болған жоқ. Мен ең қорқынышты күндердің артта қалғанына қуаныштымын және мұндай жағдай ешкімнің басына түспегенін қалаймын!» - деп жазды жәбірленуші.
Сондай-ақ, ол ел басшылығына зорлық-зомбылық жасағандарға жазалауды қатаңдату бойынша шаралар қолдануға өтініш білдірді.
«Ел басшылығы мен ҚР Парламентінің депутаттарына жыныстық зорлықшыларға жазаны қатаңдату, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін жасау туралы өтініш білдіремін», - деп түйіндеді бойжеткен.
Еске салсақ, ғылыми конференциядан қайтып келе жатқан бойжеткенді «Тальго» пойызында зорлады деген күдік бойынша екі жолсерікке қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Кейін бұл оқиға бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ түсінік берді. 26 шілде күні Қостанайда «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік бойжеткенді зорлаған екі жолсерікке қатысты сот үкімі шықты.