Қырғыз парламенті - Жогорку Кеңеш кезектен тыс отырысында ел премьер-министрі ретінде Садыр Жапаровты сайлады. Парламенттің бірінші вице-спикері Мирлан Бакиров Жапаровтың бірауыздан мақұлданғанын айтты. Отырыс басында парламенттегі 120 депутаттың 51-і ғана қатысып отырғаны, он депутаттың сенімхат жібергені белгілі болды.
Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлағандай, депутаттар министрлер кабинетінің құрылымын, құрамын және бағдарламасын бірауыздан қабылдаған.
Жиын барысында Жапаров премьер-министрлікке жалғыз кандидат болған. Ол қазіргі жағдайға байланысты үкімет құрамының өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Премьер сондай-ақ Кумтор кен орнын ұлттандыру идеясынан бас тартатынын айтты. "Сегіз жыл бұрын ұлттандыру керек еді, қазір ол жерде алтын қалмады" деді ол.
Садыр Жапаров – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты. 2017 жылы Бішкек соты оны 2013 жылы Қаракөлде болған митингіні ұйымдастырды және Ыстық-Көл облысының сол кездегі басшысын кепілге алды деп 11,5 жылға соттаған. Митинг кезінде Кумтор кен орнын ұлттандыру талап етілген. Жапаров күшейтілген тәртіптегі колонияда қамауда болған. 6 қазанға қараған түні демонстранттар оны босатып алды.
Сол күні демонстранттар жемқорлық айыбымен 11 жылғы сотталған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты да босатып алған. Парламент отырысы басталардың алдында оны тағы да қамады.
6 қазан күні Қырғыз парламенті Жапаровты премьер-министр қылып сайлап үлгерген. Бірақ парламент құрамының толық болмауы оппозицияның бұл шешімді даулауына әкелді. Салдарынан оппозиция жікке бөлініп, екі координациялық кеңес құрылды. Бірі Жапаровты жақтады. 9 қазан күні таңертең "Республика", "Ата Мекен", "Бир Бол" және "Реформа" партияларының жетекшілері премьер-министрлікке оппозициялық саясаткер Омурбек Бабановты ұсынды.
Бұл саяси күштердің митингі тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздікке түрткі болған Жапаровтың жақтастары деген ақпар тарады. Оның салдарынан бірнеше адам жарақаттанды. Олардың қатарында премьер-министрлікке ұсынылған Тілек Токтогазиев те бар. Ол қазір ауруханада жатыр.
Қырғызстанда не болып жатыр?
4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, ресми қорытындысы бойынша, билікке жақын үш партия мен оппозициядан бір ғана партия Жогорку кеңештен орын алды.
5 қазанда басқа оппозициялық партиялар мен жұрт сайлау нәтижесімен келіспей қарсылық акциясына шықты. Наразылар "билікке жақын партиялар жұрттың дауысын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды" дейді. Олар парламент пен президент отыратын "Ақ үйді" басып алып, сайлауды қайта өткізуді, ел президенті Сооронбай Жээнбековтің биліктен кетуін талап етті. "Жемқорлық айыбымен" қамалған елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты жақтастары түрмеден босатып алды.
6 қазанда Орталық сайлау комиссиясы даулы сайлаудың нәтижесін жойды. Елде саяси дағдарыс әлі жалғасып жатыр.