Қазақстан жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша кассациялық алқасы 22 қаңтарда Ақмола гарнизоны әскери сотының 2018 жылдың 26 қаңтарында ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа шығарған үкіміне бас прокуратураның қарсы шағымын қарады, деп жазады Азаттық.
Жоғарғы сот Дүтбаевқа кесілген 12 жылдық түрме жазасын 11 жылға азайтты. Бұл туралы Дүтбаевтың адвокаты Нығмет Есіргепов хабарлаған. Адвокат кассациялық алқа істі жабық қарағанын, сондықтан өзі қорғайтын адамның ісі және кассациялық процесс туралы толық ақпарат бере алмайтынын айтты.
Жоғарғы сот баспасөз қызметінің қызметкерлері бұл іс бойынша кассациялық алқа шешімі туралы күннің соңына қарай ғана айта алуы мүмкін екенін хабарлады.
Ақмола гарнизонының әскери соты Нартай Дүтбаевты қаржы жымқырды және қаржы бопсалады деген айыппен 12 жылға соттаған. Мұндай айыптармен Орынбасар Қалқабаев пен Нартай Дүтбаевтың інісі Рүстембек Дүтбаев та түрмеге жабылған.
Дүтбаев осыған дейін 2017 жылы «мемлекеттік құпияны жариялау» ісі бойынша жеті жылға сотталған. Ал 2018 жылы 26 қаңтарда әскери сот Дүтбаев «қаржы жымқыру және жылыстату» айыптарымен 12 жылға сотталғанын, екі жазаның жартылай біріктіріліп, соңғы шешім ретінде 12 жыл кесілгенін хабарлаған. Ол кезде Қалқабаев пен Рүстембек Дүтбаевқа жазалары біріктіріліп, әрқайсысына сегіз жылдан жаза кесілген.
Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев кейін ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды. Аз уақыт «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды. Ал 2016 жылы желтоқсанда қамауға алынды.