22 сәу, 2021 сағат 12:52

Жоғалған 15 жасар қыз екі күннен кейін табылды - Түркістан облысы

Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, оның 15 жасар қызы мектептен тісімді емдетемін деп сұранып кетіп, содан із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ата-анасы өздігінен 2 күн бойы іздеп, таппағаннан кейін полицейлерден көмек сұраған. 

Аталған хабарламаны алысымен полицейлер бірден іздеуге кіріседі. Көрген-білгендерден сұрастырады. Баруы мүмкін жерлер мұқият тексеріледі. Достарынан, туыстарынан жауап алынады.

Жақын аумақтағы аулалар қаралады. Осылай жан-жақты 2 тәулік бойы жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында, Арыс қаласының көшелерінің бірінен қызды тауып, ата-анасына аман-есен табыстайды. 

Тексеру барысында, жасөспірім қыз отбасылық кикілжіңнен қашып, бірнеше күн қаладағы аулалардың бірінен жасырынатын қуыс тауып алып, сонда далада қонып келгенін жеткізді. Қазіргі таңда оқушы қыздың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен шара көру мәселелері қаралуда. Одан бөлек, 15 жастағы бойжеткеннің бұдан алдында бір рет үйінен кетіп қалғаны белгілі болды.