Жезқазған маңында зымыран қирандысы құлаған жерде бір адам күйік шалып, қаза тапты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.
Иманқұловтың хабарына қарағанда, 14 маусымда сағат 18.04-те Қарағанды облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апат-құтқару қызметіне Жезқазған қалалық ТЖБ-ден оңтүстік-батыс бағытқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан Талап ауылында "Байқоңыр" ғарыш айлағынан құлайды деп жоспарланған аймаққа "Союз-2.1а" зымыран тасығышының "Прогресс МС-06" ғарыш кемесінің ажыратылатын бөлігі құлауынан далада өрт шыққаны жайлы хабар түскен.
"Оқиға орнында РФ "Машиностроение" ғылыми өндірістік бірлестігі" әскери өндірістік корпорациясы АҚ №1 Базасының 5 дана техникасы жұмыс істеп жатыр, тағы 3 дана техника тартылады, қомсымша көмек қажет емес", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қарағанды облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апат-құтқару жұмыстары қызметтерінің №2 жасағының орталық пунктіне Талап ауылының тұрғынынан Жезқазған - Қызылорда тасжолының маңындағы далада өрт шыққаны жайлы хабар түскен.
Осы хабарлама бойынша сағат 19.27-де Өрт сөндіру қызметінің кезекші ауысымындағы күштерді жөнелту туралы шешім қабылданған. Оқиға орны шамамен 40 шақырымда болды.
"Оқиға орнында Талап ауылынан 16 шақырым жерде Жезқазған - Қызылорда тасжолының оңтүстігінде 15 шақырымға созылған жердің өртеніп жатқаны анықталды, тасжолдың бойында қою түтін шықты, өрттің аумағы белгісіз болды, оңтүстік-батыстан соққан желдің өті секундына 15-20 метрге жеткен. Кейін жоспарлы түрде сөндіру бойынша шаралар қабылданды", - деп хабарлады ТЖК өкілдері.
Өрттің салдарынан зымыран тасығыштарының бөліктерін жинау бойынша жұмыс атқарып жүрген 1964 жылғы азамат күйік шалып, қаза тапты, тағы бір 1968 жылғы азамат ауруханаға жеткізілген.
Өртті сөндіруге 61 адам және техниканың 22 данасы жұмылдырылған. Осылайша өрт 03.31-де сөндірілген.
"Мессенджерлерде зымыран тасығыштың ажыратылған бөлігінде гептил бар деген мәлімет расталмады", - деді Руслан Иманқұлов.