29 сәу, 2020 сағат 18:54

Жетісайлық шаруалар қырыққабаттарының шіріп жатқанына шағымданды

29 сәуір күні Түркістан облысы Жетісай ауданындағы бірнеше ауылдың шаруалары еккен қырыққабаттары шіри бастағанын айтып шағымданды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Шаблан Ділдабеков ауылдық округінің тұрғыны Анарбай Әшімтаевтың айтуынша, 3 гектар жерге 75 мың түп қырыққабат еккен. Сөзінше, қырыққабат өсіріп, дайындауға алты миллион теңге жұмсаған. Ол ауылда сатып алатын адам болмаған соң 600 мың теңгеге жүк көлігін жалдап, Қарағанды қаласына алып бармақшы.

- Шығын шаш-етектен. Капуста пісті. Өткізе алмай дал болып отырмыз. Қарағандыға алып барайық деп тәуекелге бардық. Көріп тұрсыздар піскен капусталар шіри бастады. Енді тағы бір аптада сатып үлгермесек, жарылып, ағып кетеді, - дейді ол.

Егін алқаптарынан шіріген қырыққабаттардың иісі шыға бастаған. Жарылып жатқан қырыққабттар да бар. Кейбір шаруа жарылған қырыққабатты тегін алатын адам таппай далаға төгіп жатыр. 

- "Карантин, үйден шықпа" дейді. Шықпағанда не істейміз? Егініміз ағып, сасып жатыр. Ел басында отырғандар мына шіріп жатқан капустаны көрсінші. Келісін 10 теңгеден сұрап жатыр. Пайда көруді айтпағанда, бір келі капустаның шығыны 50 теңгеге барады. Үкімет осынша шаруаны шырылдатып қайда қарап отыр? Ең болмағанда субсидия бөлмей ме? - дейді Абай ауылдық округінің тұрғыны Назира Өтегенова.

Абай ауылдық округінің әкімдігінің мәліметінше, мұнда 230 гектар жерге қырыққабат егілген. Коронавирус пандемиясына енгізілген карантинге байланысты өнім дайын болғанымен қырыққабат сатып алатын адамдар аз. 

28 сәуір күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкіметтен қырыққабат еккен шаруаларға көмек беруді сұраған. Әкім облыста 250 мың тонна қырыққабат дайын тұрғанын, шаруалар өткізе алмай жатқанын мәлімдеген. Премьер-министр Асқар Мамин бұл мәселені шешуге көмек беруді Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырған.

Қазақстанда коронавирус тарап, елдің басым бөлігінде карантин жарияланған. Осыдан соң әр аймақтағы дихандар мен шаруалар өнімдерін басқа облыстарға шығара алмай қалды.