17 сәу, 2019 сағат 17:20

Жетісайдағы оқиға: Өгей шеше уақытша қамауға алынды

Түркістан облысы, Жетісай ауданында қыздарына қорлық көрсетті деп айыпталған өгей шеше уақытша қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құзырлы органдар Жетісай ауданындағы өгей шешенің балаларды ұрып-соққанын анықтады.  Аталған оқиға Жетісай аудандық полиция бөліміне тіркелді және ҚР Қылмыстық Кодексінің 140-бабына сәйкес («Кәмелет жасқа толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін атқармау») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге Түркістан облыстың Полиция департаменті әлеуметтік желіде фото-бейнематериалдарын жариялаған адамдардың да ҚР ҚК 147-бабы бойынша («Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу») жауапқа тартылатынын ескертеді.

Бұған дейін Жетісай ауданында өгей шеше қыздарына қорлық көрсеткен бейнежазба тарағанын хабарлаған едік.

Осыдан кейін Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты тергеу шаралары басталғанын мәлімдеді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл мәселені өз бақылауына алды.