Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жүріп-тұру алгоритмін әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл тапсырманың орындалуы министрлік, әкімдік деңгейінде жүзеге асырылуда. Карантинге қарамастан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері көктемгі дала жұмыстарының мерзімін сақтауда. Егіс науқаны бүгінде жеті өңірде жүргізілуде. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жазғы егіс алқабы - 16%-дан 80%-ға дейін. Жамбыл облысында - 326 000 га, Алматы облысында - 239 000 га, Түркістан облысында - 230 000 га, Қызылорда облысында - 28 000 га егіс алқабы бар, ал өзге өңірлерде егіс жұмыстары басталу сатысында тұр», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстары егін егуді бастады.
«24 сәуірдегі жағдай бойынша республиканың қалған өңірлерінде егіс алдындағы жұмыстар жүргізілуде. Өңірлер арзандатылған жанар-жағармаймен, тұқыммен және тыңайтқышпен қамтамасыз етілген. Техника дайын. Егіс жұмыстары бұрын соңды болмаған карантин жағдайында өткізіліп жатыр. Азаматтардың жүріп-тұруын шектеуге байланысты блокпосттан өту қиындығына қатысты фермерлерден көптеген шағым келіп түсті. Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жүріп-тұру алгоритмін әзірледі. Ол мемлекеттік комиссияның 17 сәуірдегі отырысында мақұлданды. Бұл алгоритм әкімдерге жеткізілді», - дейді ол.