Жергілікті жерлердегі биліктің төтенше жағдайларға дайындығына талдау жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Министрлік азаматтық қоғам мен сарапшылардың қатысуымен ҚР Президентінің жаңа саяси бастамаларын кеңінен талдау ұйымдастыратын болады. Сонымен қатар еліміздің өңірлерінде азаматтық сектордың қатысуымен сараптамалық пікірталастар, стратегиялық сессиялар мен талқылаулар сериясын өткізу жоспарланған. Тұтастай алғанда, орталық билік және жергілікті халық арасындағы өзара іс-қимыл коммуникациялық арналарын күшейту мақсатында жергілікті жерлердегі биліктің төтенше жағдайларға дайындығына, жергілікті атқарушы органдар жұмысына талдау жүргізілетін болады», - деді Асқар Умаров.
Оның атап өтуінше, құқықтық реттеу тетіктері үкіметтік емес ұйымдар қызметінің, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді мемлекетттік қолдауды қамтамасыз етудің ерекшеліктерін ескеруге тиіс.
«Азаматтық қоғамның дамуына және азаматтық бастамаларды іске асыру мүмкіндігіне орай қосымша қарқынды құқықтық құралдар қажет. Ол үшін 2023 жылы қолданыстағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңнамға өзгерістер енгізу арқылы азаматтардың бірлесу бостандығы құқығын іске асыру тетігін кеңейту жоспарлануда», - деді министр.