01 там, 2019 сағат 17:47

Жергіліктендіру процесі өте белсенді жүріп жатыр - Мейрам Пішембаев

«Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ төрағасы Мейрам Пішембаев ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы машинасын жасау кәсіпорындарын жергіліктендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

М. Пішембаевтың айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту — басымдыққа ие мемлекеттік міндет. Машина жасауды дамытудың жаңа Жол картасында да ауыл шаруашылығы машинасын жасауға ерекше мән берілген.

«Қазақстандық кәсіпорындарда жергіліктендіруді одан әрі арттыру үшін барлық жағдайлар жасалады. Бізде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіп-өндірудің технологиялық процесі үшін қажетті комбайндар, тракторлар, егіс кешендері және басқа да жабдықтар шығаратын ондаған зауыттарымыз бар. Жергіліктендіру процесі өте белсенді жүріп жатыр», —  деді М. Пішембаев.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы машинасын жасау өндірісінің көлемі 27 млрд теңгені құрады. Машина жасауды дамытудың Жол картасы аясында бұл көрсеткішті кем дегенде 60-70 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Егер мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары, сондай-ақ бизнес міндеттемелері толықтай орындалса, онда алдағы 5-6 жылда ауыл шаруашылығы машинасын жасауда өндіріс көлемін 100 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.

«Отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасауды қолдау қажет. Бізде аграрлық секторда адамдар, ресурстар жеткілікті және бұл өнімдерді тұтынушылар да жеткілікті», — деді М. Пішембаев.