03 сәу, 2021 сағат 14:53

Жерді табыстау қала әкімдігінің келісімімен жүзеге асуы тиіс – Бақытжан Базарбек

Жер кодексінің 108, 109-бабына «Республикалық маңызы бар қала маңындағы кез келген жерді табыстау, жердің нысаналы мақсатын ауыстыру туралы шешімдері ірі қалалардың әкімдігінің өзара келісімімен жүзеге асырылуы тиіс» деген норманы енгізу керек. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер реформасы комиссиясының отырысында заңгер Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің елде қала маңындағы аумақтарға қатысты қабылданған қаулылар іс жүзінде жұмыс істемейді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалалар маңындағы әкімдіктерде жерді беру, жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға қатысты сыбайлас жемқорлықтың дәрежесі шарықтап кеткен. Сондықтан Жер кодексінің 108, 109-бабына «Республикалық маңызы бар қала маңындағы кез келген жерді табыстау, жердің нысаналы мақсатын ауыстыру туралы шешімдері ірі қалалардың әкімдігінің өзара келісімімен жүзеге асырылуы тиіс» деген норманы енгізу керек. Сонда ғана осындай мәселенің алдын аламыз», - дейді «Bazarbek&Partners» заң компаниясының бас директоры Базарбек Жұмабекұлы. 

Сондай-ақ, ол жерге орналастыру жұмысының сапасы сын көтермейтінін айтты.

«Жерге орналастырушылар өте үлкен қателікке бой алдырып отыр. Бұл жерде сот шешімімен жерінің бір бөлігінен айырылған қарапайым азамат, заңды тұлғалар зардап шегеді. Жер комиссиясының жұмысы аясында жерге орналастыру жұмысын лицензиялау және жерге орналастыру жұмысын қайта аттестациялау сияқты ұсынысты шешуіміз керек. Қазіргі таңда жерге орналастыруға қатысты мамандық та, тәжірибе де жоқ. Бұл салада еш тәжірибесі жоқ мамандар жұмыс істеуде. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», - дейді ол.