Әлемде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 77.95 миллион адамға жетті. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Осылайша, ауру жұқтырғандардың үлесі ғаламшардағы барлық тұрғынның 1 пайыздан астамын құрап отыр. БҰҰ-ның халық санағын жүргізу қорының есептеуінше, жыл ортасындағы көрсеткіш бойынша әлемде 7,795 млрд адам өмір сүреді.
Індет жұқтырғандардың ең көп үлесі халық саны аз елдерде тіркелген. Осылайша, Андоррада тұрғындардың 9,9 пайызы (7 633 адам), Люксембургте – 7,3 пайыз (44 809 адам) вирус жұқтырған. Черногорияда коронавирус тұрғындардың кем дегенде 7,2 пайызынан (44 542 адам), ал АҚШ-та – 5,6 пайызынан (18,2 млн астам адам) анықталды. Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 1,9 пайызды (2,9 млн адам) құрап отыр.
Әлемде коронавирустың таралуы бәсеңдемей тұр. Инфекция таралуының екінші толқыны басталған қыркүйек айында әлемде күн сайын 300 мың адамнан КВИ анықталып тұрған. Қазан айына қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 600 мыңға дейін өскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 20 желтоқсан күні жаңа рекорд – бір тәулік ішінде ауру жұқтырудың 800 мың дерегі тіркелген.
Сонымен бірге, ауру жұқтырғандардың жалпы санынан қайтыс болғандар үлесі төмендеді. «Бірінші толқын» кезінде бұл көрсеткіш 6-7 пайызға жеткен еді. Осылайша, әлемде вирус жұқтырудың 4 млн оқиғасы тіркелген 9 мамыр күні ауруға шалдыққандардың 6,92 пайызы (276,8 мың адам) қайтыс болды. Коронавирустан қайтыс болғандардың саны 1,7 млн адамнан асқан, бұл ауру жұқтырғандардың жалпы санының 2,2 пайызын құрап отыр.