03 қыр, 2021 сағат 21:20

Жеңіс Сейдуллаұлы: Президент Жолдауы халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор үлес қосатыны анық


Президент Жолдауы еліміздегі жаңа өзгерістердің бастауына негіз болды. Мұндай пікірді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1 қыркүйек күні жарияланған Президенттің жыл сайынғы Жолдауы еліміздегі жаңа өзгерістердің бастауына негіз болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жарияланған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы еліміздің даму стратегиясын айқындап берді. Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясын және соның салдарынан болған экономикалық дағдарысты еңсерудің нақты жоспарын ұсынды. Жолдауда көпшілікті толғандырып жүрген сұрақтар көтеріліп, ашық талқыланды. Биылғы Жолдауда халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға баса мән берілген. Әсіресе Мемлекет басшысының елдегі ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы бастамасы қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Сондай-ақ «Қазақконцерт» ұжымын «Мәдениет қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар, көлік жүргізушілердің жалақысы 2022-2025 жылдары аралығында жыл сайын 20 пайызға арттыру тапсырылады», деген бастама ерекше қуантты», - деді ол. 

«Қазақконцерт» директорының атап өтуінше, мәдениет саласына көрсетілген бұл қолдау оның жаңа қарқынмен дамуына ықпал ететін болады.

«Бұл бастаманы жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Себебі оның игілігін 600 мың отандасымыз көреді екен. Жаңа Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі дамуымыздың осал тұстарын да атап көрсетті. Сондықтан еліміздің әрбір саналы азаматы үшін бұл Жолдау өте маңызды деп білемін. Оның толығымен жүзеге асуы, жақсы нәтиже көрсетуі тек Үкіметке қана емес, халықтың белсенділігіне де байланысты. Барлық игі бастамалар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін билік пен қоғам бірлесе еңбек етуі қажет. Маңызды әрі ізгі істерге бастайтын бұл Жолдау еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор үлес қосатыны анық», - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.