13 қаң, 2022 сағат 19:29

Желіде тараған бала мен сарбаздың суреті Шымкентте түсірілген


Ел ішінде жаппай тәртіпсіздік орнаған кезінде әскери қызметшінің қолын алып тұрған баланың фотосы көпшілікті елжіретті. Бүгін сол суреттегі сарбаздың кім екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фотодағы кейіпкер - Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінде қызмет ететін ефрейтор Шахрух Хасанов болып шықты. Ол 4 қаңтарда дабыл белгісімен қызметке келген. Содан Шымкент қалалық әкімдігінің маңына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шыққан. 

«Сурет 7 қаңтарда түсірілді. Әкімдік алдындағы алаңда қызмет атқарып тұрғанымда бір кішкентай балақай жүгіріп келіп, сәлем берді. Баланың қолын алып, басынан сипап, әкесіне қарай жібердім», - дейді Шахрух Хасанов. 

Ал осы сәтті сол маңайда түсірілім жасап жүрген «Otyrar tv» журналистері фотоға түсіріп алған. Желі арқылы тараған суреттің бүгінде анимациялық бейнесі де жасалып, әлеуметтік топтарда кеңінен таралып жатыр.