23 қар, 2020 сағат 06:00

Жексенбі күні коронавирус жұққан 716 науқас анықталды

Кеше, 22 қарашада Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 716 адам анықталды. Бір күнде 514 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, жексенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (188) тіркелген. Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарында: Павлодар (98), СҚО (96), Қостанай облыстарында (77) да науқастардың көбейгені байқалады. Ақмола облысында – 61, Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысында әрқайсында - 42, Нұр-Сұлтан қаласында - 40, Қарағанды облысында - 20, Атырау облысында - 15, Алматы облысында - 12, Жамбыл облысында - 10, Ақтөбе облысында - 8, Шымкент қаласында - 2, Маңғыстау облысында - 2, Түркістан облысында - 2, Қызылорда облысында 1 адамнан коронавирус табылған. 

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 126 182 адамға жетті: 113 мыңға жуығы жазылған, 1983-і қайтыс болған.

Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 41 159 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 427 адам қайтыс болған, 30 мыңнан астамы жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус картасында екі мәлімет (коронавирус пен коронавирус пневмониясы есебі) қосылып көрсетілгенмен Джонс Хопкинс университеті коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендерді ғана картасына енгізіп отыр. Қазақстан билігі басында бұл екі мәліметті біріктіріп көрсетуге уәде бергенмен орындамады.

Қазақстанның коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген.

Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметке күмәнмен қарайды. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.