Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков парламент пен премьер-министрді отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Қырғызстан президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімі хабарлады, деп жазады Кабар агенттігі.
«Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қол қойған Жарлыққа сәйкес, Қырғызстан Конституциясының 65-бабы, 87 бабының 1, 2, 3 бөлімі, 13-бабының 1 бөлімі, 4 тармақшасы, 23-бабының 3бөлімі, 1 тармақшасы және 23-бабының 4 бөліміне сәйкес Қырғызстан премьер-министрі Кубатбек Боронов отставкаға жіберілді», - делінген хабарламада.
Қырғызстан үкіметі де отставкаға кетті деп саналады.
Жарлыққа сәйкес, елде премьер-министр, бірінші вице-премьер-министр, вице-премьер-министрлер, үкімет мүшелері қызметін атқарған тұлғалар Қырғызстан үкіметінің жаңа құрамы қалыптастырылған уақытқа дейін бұрын атқарған қызметтеріне сәйкес міндеттерін атқарады.
Жарлық қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.
9 қазанда "Ата Мекен", "Бир Бол", "Республика" және "Реформа" партиялары бірігіп, "Акыркы үмүт" саяси бірлестігін құратынын мәлімдеп, премьерлікке Өмірбек Бабановты ұсынды.
Бұған дейін 6 қазанда Жогорку Кеңештің бірнеше депутаты премьерлікке наразылықтан кейін қамаудан шыққан Садыр Жапаровты ұсынған еді.