25 жел, 2017 сағат 19:24

Жээнбеков Назарбаевты Қырғызстанға шақырды

Бүгiн Ақордада Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков кездестi. Мемлекет басшыларының бiрлескен мәлiмдемесi кезiнде Жээнбеков Назарбаевты Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевты Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғызстан басшысының айтуынша, сапар аясында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кезектi Жоғарғы мемлекетаралық кеңес отырысын өткiзу жоспарланып отыр.

Ал, Назарбаев Жээнбековпен аз уақытта көп мәселенiң шешiлгенiн айтты.

«Қырғызстан президентiмен Минск қаласындағы соңғы кездесуден кейiн көп уақыт өткен жоқ. Дегенмен, осы кезеңде екi ел арасында қол қойылған шекара, көлiк, фитосанитарлық, ветеринарлық, салық және кедендiк бақылау саласындағы жол картасы бойынша маңызды жұмыс атқарылды. Нәтижесiнде шекарадағы жағдай реттелдi. Қазiр өткiзу пунктерiнде көлiк кептелiсi жоқ. Шекарада тәртiп болмаса, мемлекеттер арасында тәртiп болмайды», - дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Естеріңізде болса, бұған дейін бүгiнгi кездесуде Назарбаев Жээнбековке Қазақстанның Қырғызстанға ешқашан тiл тигiзiп, жаманшылық жасамағанын айтқан едi. Сондай-ақ, жиында екi ел арасындағы сауда-саттық көлемiнiң артуы да сөз болды. Сонымен қатар екі ел басшысы қазақ-қырғыз шекарасын демаркациялау туралы келiсiмге қол қойды.