Фото: Ашық дереккөз
Жаз мезгілінің бірінші айы да аяқталып қалды. «Балалар жазды қалай өткізеді, қалай демалады, демалысқа қайда барады?» деген сұрақтардың жауабын іздегенде алдымен ұлттық қуыршақ өнерінің темірқазығы саналатын Алматы мемлекеттік қуыршақ театры ойға оралады. Сондықтан Ult.kz тілшісі бұл театр жазға қалай дайындалып, балаларға қандай тосын сыйы бар екенін анықтап көрді.
30 маусым – 4 шілде аралығында IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне барады. Фестивальдің басты мақсаты – тағылым тамшысы болған қуыршақ театры өнерін кеңінен дәріптеу, мәртебелі мәдениетімізді, өнегелі өнерімізді дүниежүзіне насихаттау, әлемдік театрлармен шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдау. Сондай-ақ сәбилерге шаттық сыйлап, балаларға рухани-танымдық қойылымдар ұсыну.
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры бұл фестивальге «Қаңбақ шал» спектаклін алып барады.
Фото: puppet.kz
«Қаңбақ шал» ертегісінің авторы мен режиссері – Құралай Ешмұратова. Ертегіде Қаңбақ шал қара күш иелері Қара дәу мен Қызыл дәуді айлакерлік күшпен жеңеді. Дәулерді даңғой, ақылсыз, құр кеуделер ретінде мысқылдайды. Ал, қарапайым Қаңбақ шалдың мерейі үстем. Себебі, ол – ешкімге жамандық ойламайтын, өзінің адал еңбегімен, ақылымен күнелткен еңбек адамы.
Сонымен қатар, Қуыршақ театры шілде айында Еуропадағы ең беделді «Avignon Off» фестиваліне қатысады. Онда У.Шекспирдің классикалық туындысы «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынады. Спектакль жастардың таңдау еркіндігі, патриархалды жүйенің қысымы, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік және әлемдегі ұлтаралық таптық, мәдени кедергілер сияқты өзекті мәселелерді қуыршақ өнерінің заманауи үрдісі арқылы көрсетеді. Аталмыш спектакль режиссері талантты Дина Жұмабайдың ерекше шығармашылық қолтаңбасы спектакльге эмоционалды тереңдік пен астарлы символдарды қосып, визуалдық және музыкалық шешімдер арқылы көрерменге ерекше әсер қалдырады. Спектакльде көркем қуыршақ пластикасы мен актерлік ойын үйлесімді ұштасып, поэтикалық әрі әсерлі сахналық атмосфера құрылады.
Фото: puppet.kz
«Off Avignon» фестиваліне қатысу Алматы қуыршақ театрының тарихындағы айтулы белес, ұлттық қуыршақ өнерін әлемдік деңгейде таныстыруға таптырмас мүмкіндік. Біз классикалық шығарма Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын қуыршақ тілімен жаңаша түрлендіріп ұсындық. Спектакльде актерлік шеберлік пен көркем қуыршақ пластикасы үйлесім тауып, көрерменге жаңа эстетикалық әсер сыйлайды. Спектакль өткен ғасырдағы отбасы тарихын ғана емес, сонымен қатар бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді қамти келе, мәңгілік өшпес тақырыптарды тереңінен қозғайды. Бұл сапар біздің ұжым үшін үлкен жауапкершілік әрі шабыт көзі», - дейді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.
Айта кетейік, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры маусым айында толығымен жұмыс істеп тұр. Кесте бойынша балаларға арналған қойылымдар жүріп жатыр. Оның ішінде сұранысқа ие бірнеше қойылымға тоқтала өтсек.
«Орман ғажайыптары» ертегісінің авторы – Отфрид Пройслер, режиссері – Антон Зайцев.
Фото: puppet.kz
«Кішкентай мыстан» повесті негізінде сахналанған Кішкентай Мыстан бала күнінен ғаламат сиқыршы болуды армандайды. Бір күні ол тыйым салынған сиқыршылар мерекесіне қатысып, үлкен сиқыршылардың қаһарына ұшырайды. Сол сәттен бастап, оған ерекше сынақ беріледі: бір жылдың ішінде «жақсы сиқыршыға» айналуы керек.
Спектакль кішкентай көрермендерге жақсылықтың жаршысы болып, айналасын мейірім мен махаббатқа бөлеуге үндейді. Ол адамгершілік, адалдық, жанашырлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптеп, шынайы жақсылықтың күші ең мықты сиқыр екенін дәлелдейді.
Фото: puppet.kz
Ал Елена Локшинаның «Бауырсақ» ертегісін режиссер Антон Зайцев сахналаған. Ертегінің бас кейіпкері – таңғажайып геометриялық пішіндер әлемінде өмір сүретін шар тәрізді Бауырсақ есімді ерекше жаратылыс тура солай ойлайды. Ол өзінің бірегей даралығына кәміл сенеді, сол себепті өзге пішінді жануарларға жоғарыдан менсінбей қарайды. Күндердің бір күні ол үйінен қашып шығып, ну орманның ішінде Қоян, Қасқыр, Аю, Түлкі сынды таңғаларлық тұрғындарды кездестіреді. Олардың біреуі ромб пішінді, келесісі нағыз шаршы, ал тағы біреуі мүлде үшбұрыш. Қойылым барысында кішкентай көрермен Бауырсақпен бірге геометриялық пішіндердің әралуан түрлерімен танысып, бірге ойын ойнап, көңіл көтере би билейді. Ең соңында бұл әлемде геометриялық пішіндердің барлығы маңызды ма деген сұрақтың жауабын табады. Осы бір ерекше қуыршақ кейіпкерлері бар, белгілі славян ертегісі бойынша сахналанған интерактивті танымдық қойылым өз-өзімізді және өзгелерді түсіне білуді және қабылдай алуды үйретеді.
Фото: puppet.kz
«Қызыл телпек» ертегісінің авторы – С.Ефремова, В.Коган, режиссері – Серік Мақұлбеков. Қызыл телпек – мейрімді, бауырмал, қамқоршы қыз. Ол анасымен бірге орман шетінде тұрады, ал әжесі орманның екінші шетінде тұрады. Қызыл телпек анасы пісірген бәліштерді әжесіне алып бара жатып, жолда сұр қасқырға тап болады. Аш қасқырдан зорға құтылған ол әжесіне келеді. Бірақ, төсекте әжесі емес, әжесін жеген әлгі қасқыр жатады. Ертегі сәтті, күтпеген тосын сыймен бітеді. Ғажайып сиқырдың көмегімен қасқыр піл баласына айналады. Қызыл телпек пен піл баласы орманды күзетіп, гүлдерге су құйып, күтім жасайтын болады.
Фото: puppet.kz
Ал «Үш торай» ертегісінің авторы С.Михалков болса, режиссері – С.Мақұлбеков. Қойылым барысында үш торай әрқайсысы өз алдына суықта пана болатын, дұшпанынан қорғайтын баспана тұрғызудың әбігеріне түседі. Ертегі адамдардың әркез бір-біріне мейірімділік танытып, қиын кездерде қол ұшын беруден аянбауын аңғартады.
Ақбота Мұсабекқызы