10 мау, 2021 сағат 09:33

Жаз кезінде вакциналау қарқынын барынша ұлғайту керек – Асқар Мамин


Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин барлық деңгейдегі әкімдер вакцинация мәселесін жеке бақылауға алуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жақсарды. Вирус жұқтыру деңгейі төмендеп келеді, бір аптада 30 пайызға азайды. Елорда ғана «қызыл» аймақта қалды. Осы ретте, әкімдік қосымша шаралар қабылдауы керек. Жалпы 10 өңір, яғни басым бөлігі «жасыл» аймақта, 6 өңір «сары» аймақта. Тұрғындардың вакцина алуы мен эпидемияға қарсы жүргізілген шаралардың нәтижесінде Қазақстан «жасыл» аймаққа кірді», - деді А. Мамин. 

Оның айтуынша, бүгінгі күні 2,4 миллионға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және шамамен 1,3 миллион адам екінші компонентін алды. 

«Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі жаз кезінде вакциналау қарқынын барынша ұлғайтуы қажет, әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында. Барлық деңгейдегі әкімдер вакцинация мәселесін жеке бақылауға алуы тиіс», - деді Үкімет басшысы. 

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары төмендеп келе жатқанын айтқан болатын.