Жайық-Еділ өзендерінің экожүйесін сақтау халықаралық қорын құру мәселесі талқылануда. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жайық-Еділ өзендерінің экожүйесін сақтау халықаралық қорын құру мәселесі Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігінің өкілдерімен талқыланды. Қорды құру қаржы қаражатын, сонымен қатар бірлесіп басқару және бақылау тетіктерін әзірлеуді талап ететін болғандықтан бұл мәселе ресейлік тараппен талқыланады», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының атап өтуінше, 2019 жылдың қарашасында Омбы қаласында Мемлекет басшылары деңгейінде өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XVI форумында Жайық-Еділ өзендері бассейнін сауықтырудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Дәл осы бағдарламаны әзірлеу аясында Жайық өзенінің алқабына ерекше қорғалатын табиғи аумақ белгілеу мәселесі қарастырылады және бұл мәселе бағдарламаның шаралар тізіліміне қосылған.