Қостанай облысында «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджет қаражатын жымқыру әрекетіне тосқауыл қойылды. Қылмыстық топтың құрамында «Жасыл елдің» облыстық басшысы да болған, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Экономикалық тергеулер қызметі қаланы абаттандыру мен көгалдандыру саласында жастарды жұмысқа тұрғызуға арналғанқ ылмыстық жоспарды әшкереледі. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топтың құрамында Қостанай облыстық «Жасыл ел» филиалының басшысы, сондай-ақ төрт жеке кәсіпорынның жетекшісі болған. Олар 2014-2016 жылдары аралығында ойдан шығарған адамдардың атына жәрдемақы жазып отырды. Сөйтіп, 16 млн теңгені жымқыруды ойлаған», - деді Экономикалық тергеулер департаментінің профилактикалық жұмыс және бақылау бөлімінің бастығы Арман Есембаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеулер қызметі алты айда атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Соңғы алты айдың ішінде экономикалық қылмыстар бойынша мемлекетке келген шығын 151,5 млрд теңгені құрады. Аталған қаржының бәрі әлеуметтік бағдарламаларға арналған болатын. Бұл қаржыға шамамен 70 мектеп тұрғызуға болатын еді. Ал, шымкенттік шенеуніктер бюджет ақшасын жымқырудың тағы бір жолын тапты. Сондай-ақ, Қарағанды облысында жүкті келіншектер 70 млн теңгені үптеп кеткен.