21 қаң, 2022 сағат 17:30

«Жасыл даму» АҚ 24 қаңтардан бастап утиль алымын ала бастайды


Бүгін экология министрі Серікқали Брекешев қоғам және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС тоқтатылуына және оның функцияларын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ-ға беруге байланысты жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп, онда кәдеге жарату алымын әкімшілендіру мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетерлігі, Үкіметтің шешіміне сәйкес «ӨКМ Операторы» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың жүз пайыздық үлесі мемлекет меншігіне қабылданған болатын.

Мұндай шешім акционерлік қоғам түріндегі ұйымдық-құқықтық нысан  ӨКМ Мемлекеттік операторы қызметінің барынша ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігі негізінде қабылданды.

Бұл ретте «Жасыл даму» қалдықтарды басқаруда тәжірибесі бар экология саласындағы жалғыз акционерлік қоғам. Ол өз тарихы 1951 жылдан бастау алатын «Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты» РМК-ны қайта құру жолымен 2012 жылы құрылған болатын.




«Жасыл даму» Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы және мемлекеттің қатысу үлесі 100%-ды құрайды. Яғни, акционерлік қоғам құрамында басқа жеке және заңды тұлғалар жоқ.

«Жасыл даму» АҚ-ға «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату төлемін жинау, автоөндірушілерді ынталандыру, ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттарын (ваучерлер) беру, істен шыққан көлік құралдарын тапсырғаны үшін өтемақы төлеу, қалдықтарды жинаушыларды, тасымалдаушыларды және кәдеге жаратушыларды субсидиялау сияқты барлық функциялары Экокодекске сай берілді.

Алынған кәдеге жарату төлемдері Экологиялық кодексте көрсетілген бағыттар бойынша қатаң түрде жұмсалады.

Министр өз сөзінде: «ӨКМ қағидатын енгізу ең алдымен, бизнестің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін құру есебінен қалдықтармен жұмыс істеу саласында елдегі проблемалық мәселелерді шешуге әсер етті. Бүгінде біз қалдықтарды қайта өңдеу үлесінің 2016 жылғы 2,6%-дан 2021 жылы 21%-ға дейін артқанын көріп отырмыз, осы кезеңде 264 мың тонна қаптама қалдықтары, 310 мың тонна автомобиль бөлшектерінің қалдықтары жиналып, кәдеге жаратылды», деп атап өтті.

Қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ екінші деңгейлі банктерде шоттар ашып, сондай-ақ төлем жүйелеріне өзгерістер енгізуде. Дүйсенбіден бастап, яғни биылғы жылдың 24 қаңтарынан бастап «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдерін қабылдау бойынша жұмыстары жанданады.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасына бұрын берілген жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) жарамды және келесі аптадан бастап жаңа оператор бұрынғы ӨКМ Операторының сайты арқылы істен шыққан көліктерді жеткізуге өтінімдерді қабылдай бастайды. Ескі көліктерді қабылдау пункттері де қайта ашылады.




Сондай-ақ, ведомство басшысы ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) берілетін сома, сондай-ақ істен шыққан көлік құралдарын тапсырғаны үшін өтемақы төлемдері кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарауды ескере отырып, түзетілетінін айтты. Кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарауды Ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізеді, оның құрамына қоғам  өкілдері де кіреді.

Талқылауларды ескере отырып, ставкалар бойынша ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің «Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілетін болады.

Бұдан басқа, ӨКМ тетігінің ашықтығын жүзеге асыру мақсатында мүдделі тараптармен бірлесіп, ӨКМ операторының қызметін дамыту стратегиясы және инвестициялық саясат, қолданыстағы рәсімдерді оңайлату бойынша қолданыстағы талаптар қайта қаралатын болады.