13 шіл, 2017 сағат 09:39

Жастарды жігерлендірген жаңа бағдар

Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласы мәні мен мазмұны, маңызы мен мағынасы қоса өріліп, өзіндік өміршеңдігін көрсеткен көлемді туынды болғаны сөзсіз. Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала біздің де тебіренуімізге түрткі болды.

Қоғамға қозғау салған Елбасы ұлтты ұйыстыруға, кешегімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндеп, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын тамаша туындысын тарту етті.

Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартты. Дәлірек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салтымызды сақтап, дәстүрлерімізді дәріптеп, рухани байлықтарымызды абаттандыруға шақырды. Жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ысырапшылдықты ысырып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын Егемен елге еркін тілмен тағы бір мәрте жеткізді.

Бұдан бөлек, жастарды тәулік сайын түрленген техноголиялық дәуірдің қарқынынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қауқарлы болуын да атап өтті. Бұл – Елбасының өсиетін өскелең ұрпаққа өнеге етуінің өлшеусіз үлгісі деген сөз.

Мемлекет басшысы мұнымен қоса ғасырлар қойнауында қалып, жылдар өте саяси себептермен де сергелдеңге түскен «қазақ әліпбиінің»  тағдырын да назардан тыс қалдырған жоқ. Елбасы бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын білеміз. Десек те, мақаладан латын қарпіне көшетін кездің келгенін оқығанымызда қатты қуандық. Тіпті, биылғы жылдан бастап қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігі айтылып, Үкіметтің іске кірісетінін де тілге тиек етіліпті. Нәтижесінде 2025 жылға қарай латын әліпбиіне толықтай көшу жоспары да жарияланған. Осындай құптарлық істі жасотандықтармен қоса біздің барша замандастарымыз, қатарластарымыз, жалпы жастар қауымы қолдайды деп ойлаймыз.

Мақаладағы тағы бір бағдар – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Бұл  – әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылуы деген сөз. Кейде студенттер қауымымен кездескенімізде мемлекеттік тілдердегі оқулықтар санының аздығын алға тартушы еді. Міне, енді олардың да армандары орындалар күннің алыс еместігін аңғардық.

Патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатынын айтқан Президент адамзат баласы үшін қастерлі ұғым саналатын «Туған жердің» қадір-қасиетін саралай өтіпті. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл аймақты абаттандыруды көздейді. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де,                    шенді-шекпенділер де, жастар да туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетулері қажет екенін ұсынған Көшбасшымыздың бастамасы қолдаусыз қалмауы қажет деп санаймыз.

Сонымен қатар, Елбасының Тәуелсіздік жылдарында өз ақылымен, еңбегімен, білімімен, дарынымен оза шапқан азаматтардың «Қазақстандағы  100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру идеясымен де танысып шықтық. Жасампаздықтың жарқын жылдарында жақсылықтың жанынан табылған жандардың бұл жинағы жастарға да үлгілі жоба болары ақиқат.

Дана халқымыздың «ӨЗ ЕРІН ӨЗ ПЕРЗЕНТІ ЕСКЕРМЕСЕ, ЕЛ ҚАЙДАН АЛСЫН ТАУЫП КЕМЕҢГЕРДІ?» деген қанатты сөзі көрегенділіктің көш басындағы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай тау тұлғаға арналып айтылғандай деп сөзімізді түйдік.

Данияр Сүндетбаев

«Нұр Отан» партиясы жанындағы

«Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы