Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
Бүгін «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты өткен жартыжылдықтағы қызметі туралы жария есеп берді. Осы уақыт ішінде 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, жаңа жобалар іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың шілде айында жастар қанатының кезектен тыс VI съезі өтіп, оның барысында трансформация бағдарламасы қабылданды. Ал ұйымның өзі «Жастар Рухы» деген жаңа атау алды.
«Жастар Рухы» – еліміздің 100 мыңнан астам білімге ұмтылған, еңбекқор патриоттарын біріктіретін ең ірі жастар ұйымы. Есепті кезеңде біз ірі әлеуметтік, экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ қайырымдылық акцияларына бастамашылық жасадық. Барлығы 1000-нан астам іс-шара өткізілді», - деп атап өтті жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Жүзеге асырылған жобалардың ішінде «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы, «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы, «Dombyra Party», «AMANAT CUP» бірінші республикалық шахмат турнирі, «Bir Tolqynda» және «Рухтастар Cases» диалог алаңдары, Республика күніне арналған «Менің елім – менің туым» акциясы, «Jaidarman» ойындары сияқты және тағы да басқа бастамалар бар.
«Менің елім – менің тілім» жобасы туралы белгілі блогер Яков Федоров егжей-тегжейлі айтып берді.
«Биыл еліміздің 12 облысында «Жастар Рухы» өңірлік филиалдарының базасында «Сөйле» тілдесу клубтарын ашу туралы шешім қабылданды. Бізде тек сабақтар ғана емес, қазақ мәдениетімен танысу үшін қазақ киносын көру, театрларға, мұражайларға бару сияқты басқа да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Біз қатарымызға қосылып, қазақ тілін үйренушілердің көп болғанын қалаймыз», - деді ол.
Нұржан Жетпісбаев Қостанай облысында орын алған өрт пен Екібастұз қаласындағы ТЖ кезінде жастардың атқарған волонтерлік қызметіне жеке тоқталды.
«1300-ден астам еріктілеріміз бүкіл ел аумағы бойынша гуманитарлық көмек жинады. Әулиекөлдің өзінде 300 белсендіміз үйінділерді аршуға, аумақты тазартуға, мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен қажетті тауарларды таратуға қолғабыс етті. Ал Екібастұз жылусыз қалған кезде біз ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырып, жалғыз тұратын зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар туралы ақпарат жинау үшін аулаларды араладық», - деп атап өтті ол.
Жиынды ұйымның белсенді жастары Instagram, Facebook және Tik Tok әлеуметтік желілері арқылы онлайн режимде көрсетті.