22 сәу, 2020 сағат 08:54

Жастар квотасы партиялық тізімде міндетті түрде болуы керек - Нұрлан Нығматулин

Жастар квотасы партиялық тізімде міндетті түрде болуы керек. Бұл туралы тиісті Конституциялық заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл сұрақ жалпы қоғамда және жұмыс тобында көп талқыланды. Біріншіден, көптеген елдерде сайлау партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде қандай қоғамда болса да, жастарға деген сенім өте зор. Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау болуы мүмкін, бірақ та олардың заманға сай идеялары, ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда «асыл тастан, ақыл жастан» дейді. Менің ойымша, жастар квотасы партиялық тізімде міндетті түрде заң бойынша болуы керек», - деді Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында. 

Осы орайда ол тың ұсыныстар қабылдау үшін жастарды белсенді тарту керектігін атап өтті. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданды.

«Заң жобасымен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квотаны қарастыру ұсынылады. Осы мақсатта, Сайлау туралы Конституциялық заңда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылатын болады», - деді Әділет министрі Марат Бекетаев.