17 мам, 2023 сағат 17:50

Жастар ғылымға аз келеді – Саясат Нұрбек

сурет ашық дереккөзден алынды

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жастардың ғылымға неге аз баратынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ғылым министрлігі жас ғалымдарға қатысты үлкен талдау жүргізген.

"Біз неге PhD ғылыми дәрежесіне гранттар беріп жатырмыз? Жастар PhD-ді қорғай алмай кетеді немесе PhD дәрежесін қорғап, жоғары оқу орындарына не ғылыми зерттеу инстуттарына бармайды немесе онда 1-2 жыл ғана жұмыс істеп, кетіп қалады. Жастар ғылымға аз келеді. Осы мәселені зерттегенде шектеулер барына көзіміз жетті", - деді Нұрбек Мәжілісте ғылым тақырыбына арналған үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, сол шектеулердің бірі – PhD дәрежесін қорғау үшін халықаралық беделді журналдарға мақала жариялау керек. Екіншіден, жас ғалым PhD қорғап, жоғары оқу орнына келгенде ол оқыған 4 жыл есептелмейді.

"Ол аға оқытушы, профессор, қауымдастырылған профессор (доцент) лауазымына конкурсқа тапсыра алмайды. Сондықтан олар қиналады, жалақы да аз. Күнделікті өмірдегі мәселелер басталады. Осылайша, олар ғылымнан кетіп қалады", - дейді Нұрбек.

Осыған байланысты министрлік 2021 жылы қабылданған заңның аясында жас ғалымдарға гранттар бере бастады.

"Бұл – жас ғалымдарды аяғынан тұрғызатын шара. Мұнда 3 жылдық бағдарламаға, яғни осы грант аясында 500 мың теңге айлық көзделген. Оған 2013 жылдан бастап PhD ғылыми дәрежесін қорғағандар қатыса алады. Соңғы екі жылда 3 конкурс жарияладық. Нәтижесінде 881 ғылыми жоба қатысып, жас ғалымдарымыз грант ұтып алды", - дейді ведомство басшысы.

Саясат Нұрбектің айтуынша, министрліктің мақсаты – жыл сайын осы жоба аясында мыңға жуық грант беріп, жас ғалымдарға қолдау көрсету.