06 қаз, 2022 сағат 10:15

Жасөспірімдер түсірген бейнежазба ұрыны ұстауға көмектесті


Түркістан облысында жасөспірімдер түсірген бейнежазба ұрыны ұстауға көмектесті, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, күндізгі уақытта оның үйіне ұры түсіп, алтын жүзік, алтын білезік және 13 мың теңге ақшасын жымқырып кеткен. Жәбiрленушiге 150 мың теңге материалдық шығын келген.

"Аталған дерек бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Дәл осындай арызбен полицияға тағы бірнеше тұрғын хабарласты. Оның бірі 80 мың теңге ақшасы мен 150 мың теңге болатын алтындарын белгісіз біреу қолды еткенін көрсеткен. Ал келесі тұрғын болса, үйіне жасырын кірмекші болған ұрыны байқап қалғанын, алайда ұрының қашып кеткенін жеткізген.

Тұрғындардың жиғанын жымқырып, мазасын қашырған ұрыны анықтап, қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру амалдарын жүргізді. Жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Көрген-білгендерден сұрастырды. Соның нәтижесінде көршілерінің қақпасы құлып тұрса да, үйінде адам тығылып отырғанын түсіріп алған жасөспірімдердің бейнежазбасын назарға алды. Осы арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, ұсталды" - делінген ақпаратта.

Ол Қызылорда облысының тұрғыны, жас жігіт болып шықты. Белгілі болғандай, ақша қажет болған жігіт пәтер ұрлығын жасаған. Яғни күндізгі уақытта есігі құлып тұрған үйлерге заңсыз кіріп, ақша мен алтындарды жымқырған. Осылайша оның 6 бірдей ұрлыққа қатыстылығы анықталды, жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгені құрады.

Сезіктіден айғақты зат ретінде алтындардың бір бөлігі тәркіленген. Күдікті қазіргі таңда қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.