Бүгін «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV Съезінің қорытынды күні өтті. Соның аясында ЭКСПО-2017 Конгресс-орталығында «Жаңа әлемге жол саламыз» атты Гала-форум ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен келген 1500-ден астам белсенді жасотандық қатысты.
Съезде Елбасы, партия Төрағасының құттықтау сөзін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы үнемі жастарға қолдау көрсетіп, олардың білікті маман болып қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасап келе жатқанына назар аударды.
– Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастамашыл тың идеяларыңыз, барлық іске креативті көзқарастарыңыз Елбасының стратегиялық бастамаларын сәтті жүзеге асырудың кепілі. «Жас Отан» еліміздегі барлық жастың мүддесін лайықты қорғауы тиіс. Сондықтан бұл Съезді елімізді жаңғырту ісінде жастарды интеграцияға бастайтын қуатты күш деп айтуға толық негіз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Жас Отанның» жұмысында интернет пен әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылуы да атап өтуге тұрарлық бастама болды. Бұл іс-шараны Қазақстаннан - 22607, Ресейден - 6078, Ұлыбританиядан – 2513, Германиядан – 1642, АҚШ-тан – 2822, Канададан – 809, Оңтүстік Корядан -2096, Малайзиядан – 1656, басқа елдерден 2371 адам көрді.
Іс-шарада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жұмысшысы Елжас Қожахметов, Назарбаев Университетінің ассистенті Әсия Ермұхамбетова, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Айбар Қасеналин, «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев, Қостанай қаласындағы №3 емхананың дәрігер-эндокописі Эльвира Асадова, жеке кәсіпкер, «Ақайдар» шаруа қожалығының басшысы Адамбек Баймырза, Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Иван Крепак, паралимпиада жүлдегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматов, «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның өндірістік директоры Данара Елеусізова, «Қашаған» кен орнының инженері Берік Уап, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Шығыс Қазақстан облысы, Усть-Таловка ауылындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы Валентин Алифанов, «Air Astana» әуе компаниясының ұшқыштары Олег Жакупов пен Жан Жакупов, жастар әзіл шоуының бас директоры және резиденті Ақсұлтан Қалиев, «Жас Отан» Жастар қанаты «Сана» бағытының жетекшісі Әйгерім Серікжанова сөз сөйледі.
Съезд соңында жасотандықтардың ұйымның дамуы мен еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысу жөніндегі стратегиялық міндеттері көрсетілген арнайы құжат қабылданды.