«Жас Өркен» бағдарламасының өкілдері еліміздің 16 қаласындағы 90 жоғары оқу орнына барып, олардағы студенттермен кездеседі.
Атап айтсақ, кездесулер Нұр-Сұлтан, Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Павлодар, Семей, Өскемен, Петропавл, Қостанай, Рудный, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында өтеді.
Аталған елдімекендерде білім нәрімен сусындап жүрген жастардың үздіктері бағдарлама аясында екі жыл бойы Қор компанияларында тағылымдамадан өтіп, төрт ротацияға қатысады. Ал, алдағы уақытқа жоспарланып отырған кездесулердің мақсаты - студенттерге бағдарламаға қатысу шарттары, 2022 жылғы конкурстық іріктеудің критерийлері мен кезеңдері туралы ақпарат ұсыну.
Ең негізгісі, келесі жылғы іріктеуге еліміз бойынша 2019-2022 жылдары жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған жастар қатыса алады.
«Қордың бұл бірегей бағдарламасы Қазақстан Республикасының адами капиталына салынған инвестиция ретінде танылуда. Осы бағдарламаның арқасында «Самұрық-Қазына» қоры 10-15 жыл ішінде компаниялар үшін болашақ менеджерлерді дайындап, елдің түпкір-түпкірінен шыққан жастардың армандаған мансабына жол ашуда», - дейді жобаны жүзеге асырушы «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің директоры Бексұлтан Бекмұратов.
Айтуынша, «Жас Өркен» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап 8 700-ден астам өтініш түскен. Жастар арасында бәсеке жоғары. 2017-2019 жылдар аралығында оқуын тәмәмдап, «Жас өркеннің» іріктеуінен өткен 53 жас маман қазір жобадағы тағылымдама мен ротацияны сәтті аяқтады. Әрқайсысы Қордың портфельдік компанияларына жұмысқа тұрды. Қазіргі уақытта 2020 жылғы іріктеуге қатысушылардың 20-дан астамы 3 ротацияны аяқтап, 2022 жылы жобаны тәмамдайды.
Бағдарламаға қатысушы жастардың бірі Аслан Қаженов «Жас өркен» жобасы қандай мүмкіндіктерге жол ашқанын айтып берді.
«Осы жоба аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес компаниясы – «KAP Technology» ЖШС-дағы ротациям туралы айтып бергім келеді. Компанияға келген бірінші күннен бастап-ақ алдағы бес айдың мен үшін қаншалықты мазмұнды болатынын түсіндім және қуандым. Ротация кезінде компания жұмысының ерекшеліктерімен танысып, тәлімгерден жаңа дағдыларды үйрендім, көп адаммен танысып, мансаптық өсу үшін қажетті тәжірибе жинадым», - дейді Аслан Қаженов.
