540 мыңға жуық қазақстандыққа табысынан айырылуына байланысты 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 9 сәуір сағат 23.00-дегі жағдай бойынша, елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты 42500 теңге жәрдемақыны алу үшін 1 млн 782 мың 632 азаматтан барлығы 3 млн 396 мың 018 өтініш келіп түскен. Осылайша, 1 млн 613 мың 386 өтініш екі қайтара жіберілген. Осы ретте, министрлік келіп түсетін мәліметтерді қарау мерзімін қысқарту үшін өтінішті бір рет қана жолдауды сұрайды.
Осы уақытқа дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем барлығы 538 983 адамға тағайындалған.
«Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді. Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады», - деді ведомстводан.
Еске салайық, 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем келесі санаттарға беріледі:
– шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға.