07 там, 2019 сағат 13:14

Жаркенттегі дала өртіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысының Панфилов ауданындағы дала өртіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Естеріңізге сала кетейік, қызыл жалынды өшіріп жүріп үш адам қаза тапқан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше өрттің жанынан үлкен қазаншұңқыр қазылып, Өсек өзенінен су алынған болатын. Сол қазаншұңқырдың арқасында өртті ауыздықтау мүмкін болды. Бүгінгі таңда өрттің ары қарай жайылу қаупі жоқ. Құтқарушылардың сөзінше, өрт ақырындап түнге дейін өзі сөнуі керек. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалды», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбановтың айтуынша, өртеніп жатқан жер Жаркент қаласынан 50 шақырым жерде таулы аймақта орналасқан. Ол маңға атпен, көлікпен жету қиын. Бірақ мемлекеттік қызметкер өрттің ауыл аймақтарына таралу қаупі жоқ деп сендірді. Естеріңізге сала кетейік, 5 тамыз күні Панфилов ауданында дала өртін өшіремін деп қаза тапқан үш адамның екеуі жерленді. Бүгін орманшы болып жұмыс істеген 32 жастағы Еркінбек Оспановты жақындары соңғы сапарға шығарып салды.

Бұған дейін, өрттен үш адамның қаза тауып, 7 адамның зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз. Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің мәліметінше, марқұм болған үш азамат мемлекеттік наградаға ұсынылады.

Панфилов ауданында дала өртін өшірмек болып, жан тапсырған Қанат Үсенбеков пен Еркінбек Оспановтың  әрқайсысында бес баладан болған.