02 қыр, 2020 сағат 09:42

Жапонияда тайфун салдарынан 100-ден астам әуе рейсі тоқтатылды

Жапонияның әуе компаниялары елдің оңтүстігінде басталған тайфун салдарынан 119 ішкі әуе рейсін тоқтатты. Бұл туралы NHK телеарнасы хабарлады.

Оның мәліметінше, ұшу кестесіндегі өзгерістер көбіне Жапонияның оңтүстігіндегі Кагосима мен Окинава префектуралары әуежайларына қатысты болып отыр. 

Бұдан басқа, сұрапыл желден болған ғимарат құрылыстарының опырылуынан кем дегенде сегіз адам жарақат алған. 

Телеарнаның мәліметінше, тайфун елдің оңтүстік батыс бөлігіндегі Кюсю аралына жақындап қалды. Осыған байланысты аралда орналасқан Нагасаки префектурасының басшылығы 20 мыңға жуық жергілікті тұрғынды қауіпсіз жерге көшіру туралы өкім шығарды. Бұдан басқа, оңтүстік батыстағы Оита префектарурасының 70 мыңға жуық тұрғыны да эвакуацияланады. 

Қазіргі кезде тайфун Қытайға қарай жақындап келеді. Оның орталық бөлігіндегі желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жетіп отыр. Бұл – 2020 жылы Тынық мұхитта болған тоғызыншы тайфун.